«Ақмола облысы білім басқармасының Астрахан ауданы бойынша білім бөлімі Жалтыр ауылының № 3  жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Коммунальное государственное учреждение «Общеобразовательная школа № 3 села Жалтыр отдела образования по Астраханскому району управления образования Акмолинской области»

Әлеуметтік желілер

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

"Армысыз, әз - Наурыз " атты ертеңгілік мұғалімі Кайроллиева З.С.

Сабақтың түрі:  Ертеңгілік

Сыныбы: 0 «А»

Тақырыбы:"Армысыз, әз - Наурыз "

Мақсаты:  Наурыз мейрамы туралы  түсініктерін тереңдету; Халқымыздың ұлы мейрамы – Наурыз тойы туралы балалардың білімдерін кеңейту. Қазақтың  ұлттық  салт-дәстүрлері мен әдеп ғұрпымен таныстыру;                                                                                                  Балалардың ойлау,қабылдау,  шығармашылық  қабілеттерін дамыту. Мерекелік көңілін көтеру, елге деген сүйіспеншілікпен бірге, салт-дәстүрді құрметтеуге тәрбиелеу.

Ресурстар: Наурыз мерекесіне арналған суреттер,  интерактивті тақта, киіз үй, шарлар, дөңгелек үстел, бесік, арқан.

Мұғалім: Жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып, Наурыз тойын тойлатып, Ұлыстың Ұлы күні келді, ағайын! Той кұтты болсын! Ақ мол болсын!

Құрметті ұстаздар, ата-аналар, балалар бүгінгі Наурыз мейрамына арналған  «Армысыз, әз Наурыз!» атты ертеңгілігімізді  бастауға рұқсат етіңіздер!

Ұлыс күні кәрі-жас,

Құшақтасып көріскен,              

Жаңа ағытқан қозыдай,

Жамырасып өріскен.                 

Ұлыс күні қар еріп,

Сай-салалар гүрілдеп,                 

Көк шөбі шығып желкілдеп

Дүние біткен  күлімдеп.

Балалар:    Ұлыс оң болсын!

                     Ақ мол болсын!

                     Наурыз құтты болсын!

                     Төрт түлік ақты болсын!

Мұғалім:  Уа, халайық, халайық,

                    Ақ сандықты ашайық.

                    Бұл мереке, бұл тойдың

                    Шашуларын шашайық!

  (бір ата-ана шашу шашады)

Мұғалім:         Күлімде, Наурыз, күлімде!   

                          Күн менен түн теңеледі бұл күнде.

                          Күн мен Түнді шақырайық ортаға

                          Қуанышың сыйласың бүкіл елге!

 Көрініс «Күн мен түн»

 (Күн мен Түн ортаға шығады)

      Күн:            Сәулесі көп күнмін.

      Түн:            Жұлдызы көп түнмін

      Екеуі:         Бірдей болып біздер,

                          Теңелеміз бүгін.

      Түн:            Ал, ертең күн ұзақ.

      Күн:            Түн қысқарар бірақ.

      Екеуі:          Ұйқы қанбай қалып

                           Жүрмендер тек жылап.

                           Күн менен түн теңеледі,

                           Жер шуаққа кеңеледі.

                           Соны тойлар ел енді
Әңгімелесу.

-  Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?

— Көктем айларын атап шығайық. (наурыз, сәуір, мамыр)

-  Көктемде қандай өзгерістерді байқауға  болады?

— Ауа-райы қандай болады?

-               — Көктемде қандай мейрамдар тойланады?

          — Иә, балалар, көктемде  табиғат ерекше күйге еңеді. Көктем -  жыл мезгілінің әдемі бір кезеңі. Наурыз айында күн ұзарып, түн қысқарады. Күн көзінің шуағы молаяды. Қар еріп, жыралардан су аға бастайды. Көктем – өте көңілді мезгіл. Күн біртіндеп  ұзарады,  күн жылиды. Қар еріп, жыраларға су толады. Жылы жақта қыстайтын құстар ұшып келеді.  Көктемнің алғашқы күндерінен бастап жер бетіне қылтиып, бой көтеріп гүлдер өседі. Бұлар көктемнің алғашқы гүлдері деп аталады. Бұл бәйшешек, жауқазын, қызғалдақ. Көктемде ұлы мейрамымыз  — Наурыз тойланады. Наурыз шығыс күнтізбесінде жаңа жыл басы деп саналады. 21-22 наурызда күн мен түн теңеледі. Наурыз деген сөздің өзі «нау» — жаңа, «руз» — кун деген сөздерден алынып, жаңа жыл деген ұғымды білдіреді. Адамдар Наурызға дайындалады. Олар үй, арық, аула, көшені тазалайды. Ағаш, гүл егеді. Адамдар үйлерінде дастархан жаяды. Ән шырқап, би билеп, ойын ұйымдастырады. Наурыз — бақыттың бастамасы, ұлылықтың ұйытқысы, жақсының жаршысы, ынтымақтың белгісі, өмірге нұр сыйлаған, сезімге гүл сыйлаған халық қастерлейтін күн.

Мұғалім: 

 Тақпақ айтып, жыл басы,

 Құлағынды сал, тыңдашы.

 Бар бөбекке өзіңдей

 Бейбіт өмір сыйлашы.

Айдын:   

Бата беріп атамыз,

Бата беріп апамыз,

Тәтті болып жасалған,

Наурыз дәмін татамыз.

Айсара:       

Дастарханда дәніміз,

Жайдарымыз бәріміз.

Жарасу бар, жаулық жоқ,

Қандай жақсы Наурыз!

Адильхан:           

Қарды  ерітіп жылғасы,

Наурыз келді – жыл басы.

Шуақ төкті жарық күні,

Мейрамында халықтың.

Шыңғыс:

Төрт түлік мал халқымыздың сүйері,

Көңілімнің күмбірлеген күйі еді.

«Аман ба» деп мал жаның?

Бірін-бірі құшақтасып сүйеді.

Мұғалім:

Жарқыраған жас нұрлы,

Жаса Наурыз дәстүрлі!

Осындай байтақ елімде,

Айтылады әніміз. 

V. Хор «Дастархан» 

Мұғалім: — Ал енді балалар!  Мен сендерге қазір жұмбақ жасырамын.Жұмбақтың шешуін табыңдар.

Дәмді-дәмді тағамдарды жинайды,

Қонақтарды көңілдене сыйлайды.

                                   (дастархан)

     -  Бұл не? Дұрыс айтасыңдар, балалар! Бұл дастархан. Ал дастарханға қандай қазақтың   ұлттық тағамдары қойылады?

Қазақтың ұлттық тағамдары,

Жасымнан жақын маған бәрі.

Теңермес ем оларға мен,

Ешбір асты ғаламдағы.

Ата-аналардың орындауында «Қазақы дастарханым»  атты әнін ұсынамыз.

Мұғалім:

  Көктем кезіңде Наурыз мейрамы қарсанында мал төлдеп, адамдардың ауызы аққа тиеді. Ендеше біздің бүлдіршіндеріміз ән айтуға әзір.

«Қошақан» әнін ұсынамыз

 Мұғалім:

Арпа, бидай, тары бар,

Қатық, малта, ағы бар,

Ішілетін, жейтінін,

Бұл көжеде бәрі бар.
  — Армысыз, Ару Ана! Ақ мол болсын! Әже,  мына Наурыз көжені неше түрлі тағам қосып әзірлейсіз? Соны балаларға айтып берсеңіз.

Мұғалім:                              

 Жүректен кіріп, бойды алар,

  Әсем ән мен тәтті күй.

 Көңілге түрлі ой салар,

 Әнді сүйсең менше сүй. – деп Абай атамыз айтқандай ән өнерін сіздерге арнаймыз.   Мектепалды даярлық тобының орындауында «Наурыз көктем»  әнін тамашалаңыздар.

Мұғалім:                                  

 — Құрметті ата-аналар, «тәрбие – отбасынан басталады» демекші  тұрмыстық салт-дәстүрлерге байланысты сіздерге бірнеше сұрақтар ұсынамыз. (қоржындағы нөмерленген асықтарды ұсыну)

1. «Ерулік» бену дегенді қалай түсінесіз?

Ерулік-басқа жерден көшіп келген көршілерге сол жерден бұрыннан тұратындар ерулік береді, қонаққа шақырады?

2. «Құдайы қонақ» дегеніміз не?

Құдайы қонақ дегеніміз -бейтаныс, шалғай ел, алыс жерден жолаушылап жүрген тосын қонақ. Олар нағыз сауабы тиетін қонақ.

3.Мәйек дегеніміз не?

Мәйек дегеніміз- жас қозының ұлтабары. Оны ірімшікті ұйыту үшін пайдаланады.

4. Қымызмұрындық дегеніміз не?

Қымызмұрындық дегеніміз – бұл жаз тойы, мамыр айынан басталып, маусым айына дейін созылатын үлкен той. Осы күні биелер желіге байланып ағайын жекжат бірігіп қымызға шақырады.

5. Тоқымқағар дегеніміз не?

Тоқымқағар дегеніміз-жас жігіт алғашқы сапарға шыққанда оның ата-анасы тоқымқығар жасап, мал сойылып,үлкен-кіші шақырып қонақ етеді.

Рахмет сіздергі.Ата-аналарды қошеметтеп қояйық.

    Ұлдардың  орындауында « Қара жорға» биін тамашалаңыздар.

Мұғалім: Ертеде қазақ халқы Наурызға арықтарын тазартып, алдын ала дайындалған. Үлкенді-кішілі той ғұрыптарын Наурызда атап өтуге тырысқан.

                                     Жолың болсын деселік,

                                     Жолыңа нұр төселік.

                                     Жарылқасын алдыңнан,

                                     Тұсауынды кеселік.

  — Қаз басып жүрген баланың тұсау кесу ырымына көңіл аударайық. Бала  он  екі  ай шамасында қаз тұрып, бір-екі  аттап  үстел  жағалап  жүреді. Осы кезде  балаға  арналған  қазақ  халқында  «Тұсау кесер» тойы өткізіледі. Осы тұсау кесер тойынын кішкене көріністі тамашалаңыздар. (видеоролик көрсетіледі)

Мұғалім:

 Ей, балалар, балалар        

 Енді маған қараңдар

 Наурызды тойлайық,

 Қызық ойын ойнайық.                              

       Наурыз мейрамында халық қуанып ұлттық ойын түрлерін ойнап көңіл көтерген. Сонын ішінде «Көкпар», «Қыз қуу», «Арқан тарту» т.б ойындар. Ал, балалар, ендеше  «Қыз қуу» ойынын ойнап күшімізді сынап көрелік! Ұлымыз қызымызды атпен қуып жету керек. (балалар қыздарды аптен қуады)

Рахмет! Отырамыз!

Мұғалім:

         Ұлыс күні қазан толса,

         Сол жолы ақ мол болар.

         Ұлы кісіден бата алса

         Сонда олжалы жол болар.

    Қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрінің бірі – бата-тілек білдіру. «Жаңбырменен жер көгереді, батамен ер көгереді», «Баталы құл арымас» — деген ой-пікірді уағыздап, кейінгі ұрпағына ықылас білдіріп, ақ ниетпен бата беріп, тілек тілеуді дәстүрге айналдырған.олай болса, Қызыр атамыздан бата сұрайық.

Қызыр ата бата береді:

Ұлыс оң болсын!

Ақ мол болсын!

Қайда барсаң жол болсын!

Ұлыс бақты болсын,

Төрт түлік ақты болсын!

Ұлыс береке берсін!

Бәле-жала жерге енсін!

Ұлы халқым тоқ болсын,

Көйлектерін көк болсын!

Қайғы-уайым жоқ болсын!

Қуаныштарын көп болсын!

Әумин!  (бетін сипап бата береді)

Осымен «Армысыз, әз Наурыз» ертеңгілігіміз аяқталды. Сөз кезегін мектеп басшыларына береміз.

 

                                               

Жаңартылған күні: 18.04.2020 10:55
Құрылған күні: 18.04.2020 10:55

Текст